Құдайдың бірегей сүйіспеншілігі

Құдаймен қарым-қатынас сізде болған ешқандай басқадай қарым-қатынастарға ұқсамайды. Құдайдың сізге деген сүйіспеншілігі бірегей! Ол – шартсыз сүйіспеншілік (қандай-да бір шарттардың орындалуына негізделмеген). Құдай сізді жай ғана сүйеді және Оның сүйіспеншілігі еш нәрсемен шартталмаған.

«Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз рухани Ұлын бұ дүниеге жіберді. Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәміздің құнын өтеу үшін Өзінің рухани Ұлын жіберді…» (Жоханның 1-хаты 4:9-10).

Құдайдың сізге деген сүйіспеншілігі сіздің жүріс-тұрысыңызға, қылығыңызға негізделмеген. Сіз Құдайдың өзіңізді қазіргіден де көбірек сүюге түрткі болатындай ештеңе істей алмайсыз, және де, Құдайды сізді аз сүюге кіріптар ететін де ештеңе жоқ. Құдайдың сізге деген сүйіспеншілігі тіпті сіздің өзіңізге деген сүйіспеншіліктен де асып түседі.

Осы кезге дейін сіз бәлікім тек шартты сүйіспеншілікті сезініп келген шығарсыз. Ондайды мына іспетті мәлімдемелермен сипаттауға болады: «Сен мені сүйсең, мен де сені сүйетін боламын», «Мен басқа жақсырақ біреуді кездестірмейінше, сен әрқашан менің алғашқы махаббатым болып қала бересің». Шартты сүйіспеншілік сіздің жасайтын әрекетіңізге байланысты. Өз жұмысыңды жақсы атқарсаң, команданың үздік ойыншысы болсаң, жұртпен қарым-қатынасыңда өзіңді лайықты ұстасаң, сені «сүйетін» болады.

Мәсіхке өз өміріңізді беру арқылы, сіз Одан мінсіз сүйіспеншілік пен қабылдауға ие болдыңыз. Егер сізді ешкім ешқашан шынайы сүйіп, қабылдамаған болса, бұндайды көз алдыға елестету қиынға соғуы мүмкін. Дегенмен, бүл шындық! Өкінішке орай, сіз өзіңізді Құдайдың сүйетінін үнемі сезіне бермейтін боласыз. Сіз Құдайдың өзіңізді сүйетініне ғана емес, сондай-ақ Оның бар екеніне де күмәнданатын кездер де болады. Сондай шақтарда сізге бәрін тастап, кетіп қалуды қалайтын боласыз, бірақ еш берілмеңіз!

Құдай сізге даңа өмір сыйлаған кезде, Ол сіздің өмір жолыңызды хош иісті гүлдермен төсеп тастамады. Исаның жердегі өмірі сасық иісті, сызды мал қорада басталды. Ол шынайы өмірдің дәмін татты, және де сіздің Мәсіхпен рухани сапарыңыздың дәмі де сондай болмақ – ешқандай да сиқыр жоқ, тек Оның қандай жағдай болмасын сіздің жаныңыздан табылатыны жайлы уәдесі ғана бар.

Құдай былай дейді: «Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік, берік мейіріміммен сені Өзіме баурап келемін» (Еремия 31:3).

Данияда мынадай бір мәтел бар: «Адамға тек келесі шақырымды жүріп өту ғана қажет». Тіпті осы бір шақырымдық жол төзгісіз ұзақ болып көрінгенімен, Құдайдың сүйіспеншілігін сезіну сізді жолдан тайып кетуден сақтайды. «Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды! Рас, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!» (Римдіктерге хат 8:38, 39). Біздің сеніміміз Құдайдың бізге Өзі туралы ашып берген ақиқатына негізделген. Ол біздің Оның сүйіспеншілігіне сенгенімізді әрі оған сенім артқанымызды қалайды:

«Қайта, риза болады Жаратқан Ие Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге» (Забур 146:11).

«Бірақ Өзін терең қастерлейтіндерге, рақымына үмітін жүктегендерге назарын салады Жаратқан Ие» (Забур 32:18).

Жаратқан Иенің «Менің көңілімнен шыққан ер» деп атаған Дәуіт Патша Құдайдың сүйіспеншілігіне үміт артты: «Сен менің күш-қуатымның қайнарысың, Өзіңе мадақтау жырымды арнаймын. Себебі, уа, Құдай, Сен қорғанымсың, мейірімін төгетін Құдайымсың» (Забур 58:18).

Иса Өзінің бізге деген сүйіспеншілігінің тереңдігін былай суреттейді: «Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер. Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым» (Жохан жазған Ізгі хабар 15:9-11). Ол ешнәрсеге қарамастан бізді сүйеді – тіпті біз мойынсұнбаушылық танытқан кездің өзінде де. Бірақ біз Оған мойынсұнған жағдайда ғана Оның сүйіспеншілігінде өмір сүріп, жанымыз рақатқа бөлене алады.

Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігін түсініп, рухани өсу үшін келесі ай бойына Забур 102, Жохан жазған Ізгі хабар 15-тарау және Жоханның 1-хаты 4-тарауды оқып шығыңыз. Құдайдың сізге деген сүйіспеншілігін суреттейтін барлық сөйлемдерді жазып шығыңыз.

Бұл мақала – Стивен Л. Погтың «Сіздің мәсіхшілік өміріңіздің алғашқы жылы» кітабынан үзінді.